Астанада екі азамат есірткімен ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери жасағының жедел әрекеттерінің арқасында есірткі тәркіленіп, күдіктілер ұсталды. Бұл туралы әскери ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Бірінші жағдай Астана қаласының Аққұм көшесінде қызмет атқару кезінде болған. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 елордалық бригадасының әскери қызметшілерінен құралған әскери жасақ бастығы кіші сержант Мықтыбек Құралбай патрульдік қатардағы жауынгерлер Эдик Мансұров және Қуат Сәбитбековпен бірге күдікті әрекет ете бастаған адамды байқаған.
— Біз күдікті іс-әрекет еткен азаматты көргенде, байланыс арқылы әскери жасақ бойынша кезекші ефрейтор Жайнар Манатқа хабарладық. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлерін шақыра отырып, тексеру кезінде азаматтан электрлік таспамен оралған байлам табылды және тәркіленді. Оның ішінде ерекше иісі бар жасыл түсті есірткі заты болды, — деді әскери жасақ бастығы кіші сержант Мықтыбек Құралбай.
Сол күні тағы бір әскери жасақ Қаратөбе көшесін патрульдеу кезінде жерден белгісіз нәрсені іздеп жүрген адамды байқаған. Одан кейін оны әскери жасақ бастығы Сұңғат Болатұлы мен патрульдік қатардағы жауынгерлер Арман Қадырұлы және Ақылбек Сембі ұстады. Полиция қызметкерлерінің жедел-тергеу тобы ұстау орнында түссіз пакетке жабысқақ таспамен оралған есірткі заттарын тапты.
Осы фактілер бойынша 296-баптың 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматтар одан әрі тексеру үшін полиция бөліміне жеткізілді.