Астанада екі көшенің қиылысында көлік қозғалысы уақытша жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жол жөндеу жұмыстарына байланысты 28 қазан сағат 21:00-ден 29 қазан сағат 07:00-ге дейін Түркістан мен Достық көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы толық тоқтатылады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.
Әкімдіктің хабарлауынша, Түркістан және Достық көшелерінің қиылысында жол жабынын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
— Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады. Осы өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қала бойынша қозғалыстарды жоспарлау кезінде оларды алдын ала ескеруді сұраймыз, — деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Tarlan Astana екінші кезегінің құрылысына байланысты 7 қазаннан бастап Сығанақ және Айтматов көшелерінің жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына ішінара шектеу енгізілетінін жаздық.