Астанада екі күндік Жапон киносының фестивалі ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапон киносы арқылы жапондарды бұрынғыдан да жақсы көретін боласыздар. Бұл туралы бүгін Астанадағы Қазмедиа орталығында ашылған Жапон фильмдері фестивалінде Жапонияның Қазақстандағы елшісі Масаёси Камохара айтты.
"Біз биыл елорда тұрғындары мен қонақтарын жапон мәдениетімен жан-жақты таныстырдық. Атап айтар болсақ, жапон қуыршақтарының көрмесі, көркем сурет конкурсы және басқа да шаралар ұйымдастырдық. Ал бүгінгі жапон киносының фестивалінде ұсынып отырған фильмдеріміз арқылы сіздер жапондардың күнделікті тіршілігімен, өмір салтымен таныса аласыздар. Сол фильмдер арқылы жапон халқын бұрынғыдан да жақсы көретін боласыздар", - деді елші.
Айта кетейік, осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шара барысында (10-11 қазан) жапон режиссерлері түсірген 4 көркем фильм көрермен назарына ұсынылады. Фестивальді "Свинг гёрлз" (Swing girls, Жапонияның кино академиясының ең үздік жыл фильмі сыйлығының иегері) атты жастарға арналған комедиясы ашып берді. Фильмде Жапонияның түкпіріндегі мектеп оқушыларының өмірі суреттелген.
Жапон киносының екінші күні ертең сағат 13:00-де басталады. Көрермен бұл күні қатарынан үш фильм көре алады.