Астанада екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т. Бигелдинов туралы фильмнің тұсауы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен ардагерлерге құрмет көрсету шаралары аясында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов туралы «Подняться в воздух!» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Астанада екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т. Бигелдинов туралы фильмнің тұсауы кесілді

Фильмнің сценарийін ҚР мәдениет қайраткері Лаврентий Сон жазған, қоюшы режиссері Ерген Тоқмырзин. Талғаттың жастық шағын жас актер Әзімхан Ахмет ойнаған. Сондай-ақ, фильмге сирек кадрлар мен Т. Бигелдиновтің өзі түскен үзінділер де енгізілген. Туынды «Нұр Отан» партиясы мен «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының қолдауымен, «Генералдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылды.

«Фильмді түсіруге генералдың өзі жазған кітабындағы деректерді қолдандық. Сонымен қатар, Алматыдағы әскери институттың курсанттары мен ұстаздарының көмегімен осы киноны түсіріп біттік», - деп атап өтті «Генералдар кеңесі» РҚБ Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров.

Оның мәліметінше, бұған дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан генералдар С. Нұрмағамбетов пен Ә. Болсамбеков туралы фильмдер көрерменге жол тартқан. Ендігі кезекте Жеңістің 70 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры атағын алған әрбір қазақстандық туралы 3-5 минуттық шағын деректі фильмдер түсіру қолға алынбақ.

«Т. Бигелдинов туралы фильм бір жылға жуық түсірілді. Онда сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары ел қорғауға шақырылған 19 жастағы жігіттің тағдыры суреттеледі. 1942-1945 жылдары соғыс отын кешкен кейіпкердің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қыр баласы фашистер «Ұшқыш танк» деп атап кеткен өзінің Ил-2 ұшағымен алғашқылардың бірі болып Берлинді, Кавказ бен Украинаны азат еткен болатын», - деп атап өтті Р. Қайдаров.

Фильм авторлары компьютерлік кескіндеудің қазіргі әдістерін пайдалана отырып, «қазақ қыранының» әуе шайқастарын, сондай-ақ қойылымдық түсірілім арқылы Т. Бигелдиновтың атқыш-мергенмен бірге жау қоршауын бұзып шығу ұрысын бейнелеп шығарды.

Шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, мектеп оқушылары қатысты. Фильм 9 мамыр күні сағат 13:10-да «Астана» және сағат 17:15-те «Хабар» телеарналарынан көрсетіледі.