Астанада екі жыл бойы адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ сотталды

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда республика соттарында қаралған істердің ішінде адам саудасына қатысты қылмыстар жиі кездеседі.

Астанада екі жыл бойы адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ сотталды

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі Наталья Петерс мәлім етті.

Жуырда Ақмола облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында 2008-2010 жылдар аралығында алдын-ала уағдаластық бойынша Астана мен Ақмола облысында тұратын жасы кәмелетке толмаған бойжеткендерді ұрлап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, адам саудасымен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты іс қаралды. Сот материалдарына сәйкес, топ басшысының жоспары бойынша екі қылмыскер Астананың орталық көшелерінде және сауда орындарында жасөспірімдермен танысып, олардың сеніміне енгеннен кейін күш қолдану арқылы жалға алынған пәтерлерге апарып, соққыға жығып, қамауда ұстаған. Топтың өзге мүшелері күзету, ақша төлеп, жыныстық қатынасқа түскісі келген адамдарды іздеп, қаржы жинаумен айналысқан. Алты адамнан құралған топ екі жыл бойы осы қылмыспен айналысқан.

Аталмыш іс бойынша мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың үкімімен қылмыстық топ басшысы барлық мүлкін тәркілеумен 15 жылға, топтың өзге мүшелері мүліктерін тәркілеумен 8-13 жылдарға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскерлер өз жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.