Астанада экология және көлік салаларында шведтердің «ақылды» жобалары енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Қазақстан Республикасында Швеция Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Матос Фойер бастаған жетекші компаниялардың бизнес-делегациясымен кездесті. Бұл туралы елорда әкімдігінен хабарлады.

Астанада экология және көлік салаларында шведтердің «ақылды» жобалары енгізіледі

Кездесу барысында Астана қаласы үшін бірқатар нақты жобалар мен жаңа технологиялық шешімдер талқыланды. Атап айтқанда, ғимараттарды жобалау, көлік және құрылыс саласы, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңа энергетикалық шешімдерді қолдану, жаңа энергия үнемдеу технологиялары, қауіпсіздік бойынша бірқатар смарт-технологиялар және тағы да басқа «ақылды» шешімдер ұсынылды.

10-нан астам швед компаниясы ұсынған жобалар елорда әкімдігінің қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ кездесу барысында Астана мен Стокгольм арасындағы ынтымақтастықты нығайту және елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында бірқатар іс-шаралар өткізу мәселелері талқыланды.