Астанада экологиялық айлық аясында 10 мыңға жуық көшет отырғызылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, елордада экологиялық айлық аясында 10 мыңға жуық ағаш отырғызылды.
Бұл туралы елорданың ресми сайтында хабарлады.
Экологиялық айлық аясында қала аумағын, көшелер, тротуарлар мен аула ішілік аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, жалпы көлемі 2 805 540 шаршы метр алқап тазартылды, 47 мыңға жуық көшеттер ағартылды, 9 720 ағаш отырғызылды (қызыл тал, қара үйеңкі, қарағай, қайың, емен, теректер, шетен), сонымен қатар:
- «Алматы» ауданында - 4 214 көшет (763 көшет - № 46 көшесі бойымен Тәуелсіздік д-лынан Мирзоян к-сі дейін, 431 көшет - Байтұрсынов к-сі бойында Тәуелсіздік д-лынан Сарыкөл к-сі дейін, 520 көшет - Юго-Восток ықшам ауданында Талғар, Таскескен және Сартау көшелерінде, 2 500 көшет - мектептер, балабақшалар, ауруханалар);
- «Есіл» ауданында - 4 332 көшет (1 560 көшет - Орынбор к-сі бойымен Хусейн бен Талал к-сі ауданынан № 31 к-сі дейін, 490 көшет - «Астана Опера» театры алдында, 80 көшет - «Арай» саябағында, 202 көшет - «Хан Шатыр» СОО айналмалы жол бойында, 500 көшет Ильинка елді-мекенінде, 1 500 көшет - мектептер, балабақшалар, ауруханалар);
- «Сарыарқа» ауданында - 1 174 көшет (500 көшет -Тілендиев к-сі бойымен, 124 көшет - Бабатайұлы к-сі, 30 көшет - Көктал ауданында орналасқан Қарттар үйі маңайында, 520 көшет - мектептер, балабақшалар, ауруханалар).
Шара аясында волонтерлар мен қоғамдық мекемелердің қатысуымен Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасы мен жағасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілді.
Еске сала кетейік, 2015 жылғы 7 қыркүйек 7 қазан аралығында елордада санитарлық тазалау, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық өткізілді.