Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттердің мүсіндері жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттердің мүсіндері қойылды. Салмағы 130 килограммдық шыны пластиктен жасалған екі метрлік 84 конструкция Нұржол желегінің басындағы алаңда шахматтық тәртіпте орналасқан. Мүсіндер экспозициясы AstanaArtFest қазіргі заманғы өнер фестивалі аясында өтіп жатыр, деп хабарлады елордалық мәдениет басқармасы.

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттердің мүсіндері жасалды

Мүсіндер әр елдің стилінде және тақырыбына сай әзірленген. Таныс пейзаждар, мемлекеттік рәміздердің фрагменттері, экзотикалық жануарлар, сәулеттік ескерткіштер, ұлттық ою-өрнектер, мемлекеттің географиялық карталарының кескіні - осының барлығын пішіндердің бетінен көруге болады.

Бұл «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығының жетекшілігімен еліміздің жас суретшілерінің өз қолымен жасаған туындылар. Эскиздерді жасауға және идеяны жүзеге асыруға авторлар бір айдан астам уақыт жұмсады. Суретшілер Экспо-адамдар деп атап кеткен мүсіндердің қолында үлкен шар бар - шығармашылық тұрғыдан бұл біздің әлемнің аллегориясы іспетті, ол әлем әр адамның алақанында дегенді білдіреді.