Астанада экспортқа бағдарланған инвестициялық жоба іске аспай қалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада санитарлық-гигиеналық мақсаттағы өнімдер шығаратын «Ipek Kagit Central Asia» ЖШС зауыты жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құны 14 млн долларды құрайтын, жылына 17 мың тонна қағаз өнімдерін шығаруға қауқарлы зауыттың ашылғаны жайлы 2016 жылы бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жазған болатын. Өндіріс ошағы қағаз сулық, қағаз майлық және дәретхана қағазын шығарды. Инвесторлардың жоспарына сәйкес, кәсіпорын өнімдері таяу шет елдерге, оның ішінде Ресейге экспортқа шығарылуы тиіс еді.
Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, зауыт 2014 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келді. Алайда, компания инвестициялық жоба бойынша келісімшарт міндеттемесін толықтай орындай алмады.
«2021 жылдың 22 маусымында басқарушы компания мен «Ipek Kagit Central Asia» ЖШС арасында қызметті жүзеге асыру жөніндегі келісімшартты бұзу туралы келісім жасасты», - деп атап өтті басқармадан.