Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саммитін өткізу бастамасында конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын енгізу ұсынылды
Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі хатшылығының ІХ отырысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз келесі жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитін өткізу туралы бастама көтердік. Оның күн тәртібіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын енгізу ұсынылған. Бұл идея Ұйымдағы біздің көптеген әріптестеріміздің қолдауын табуда», деді Сенат төрағасы.
Осындай ізгі шаралар барысында талданатын көптеген маңызды тақырыптар форум аясында пысықталып жүрген идеялармен де ұштасып отырғандығына тоқталған ол, «себебі, Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі шын мәнінде толеранттылық пен өзара түсіністікті, диалог пен ынтымақтастық принциптерін нығайтуды көздейді», деді.