Астанада ЕҚЫҰ Саммиті күндері жедел медициналық жәрдемнің 83 бригадасы кезекшілік етеді - Д.Есімов
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада ЕҚЫҰ Саммиті күндері жедел медициналық жәрдемнің 83 бригадасы кезекшілік ететін болады.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан Есімов мәлім етті.
«Бүгінгі күні дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, барлық автокөліктер мен медициналық бекеттерді жабдықтау мәселелері шешілді. Бұл күні барлығы 83 медициналық автокөлік кезекке қойылады. Оның ішінде 23 реаномобиль жаңадан сатып алынды. Онымен бірге, қалалық жедел жәрдем орталығының - 40, республикалық мекемелердің - 4, Республикалық медициналық жедел жәрдемғылымиорталығының 15 автокөлігі тартылады. Тағы 13 бригада резервке қойылды», - деді ол.
ЕҚЫҰ Саммитіне қатыстырылатын 3 нысанда медициналық бекеттерден бөлек, ҚР Президенті Іс басқармасы мен қалалық Жедел жәрдем орталығына тиесілі барлығы 12 автокөлік қызметте болады.
Д.Есімов атап көрсеткендей, күнделікті шақыртуларға шығып жүрген жедел жәрдем көліктерінің жұмыс тәртібінде өзгерістер болмайды. Яғни, Есілдің сол жағалауына сол қалпында - 6, ал оң жағалауға 40 автокөлік қызмет көрсетеді.
Саммит күндері қызмет көрсетуге барлығы 44 емдеу мекемесі дайындалып отыр. Оның 29 - қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты, 8 - республикалық, 6 - жекеменшік және 1 - Ақмола облысының өңірлік емханасы.
Саммит меймандарын жайғастыруға Астанадағы 68 қонақүй таңдап алынған болса, олардың ішіндегі Мемлекеттер басшылары орналастырылатын нысандарда қалалық және ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық көліктері мен медициналық бекеттері орналастырылады. Осындай көліктер 50 адамнан астам адам тоқтаған қонақүйлерде де кезекшілікке қойылады. Ал медбекеттер ұйымдастырылмаған мейманханалар үшін, жақын маңдағы дәріхана, тіс емдеу мекемесінің орналасу сызбалары бар анықтамалықтар әзірленді.
Бұл күндері медициналық бекеттер мен жедел жәрдем көліктерін қоса есептегенде барлығы 714 медицина маманы жұмыс істейді. Олардың - 55 -Астана Медициналық университетінің шет тілдерін жақсы меңгерген магистранттары, 22 - тіл білімдерін жетілдірген дәрігерлер.