Астанада ЕҚЫҰ саммитінің Шолу конференциясына қатысушылар балет кешін тамашалады
АНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше кешқұрым Астанадағы К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрында ЕҚЫҰ саммитінің Шолу конференциясына қатысушылар балет кешін тамашалады.
Концерт бағдарламасы балет жанрындағы әлемге белгілі классикалық туындылардың жиынтығынан тұрды - П.Чайковскийдің «Щелкунчик», К. Сен-Санстың «Өлім аузындағы аққу», Л.Минкустың «Баядерка» және тағы басқалар. Елорда театрының сахнасында халықаралық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары, атап айтқанда Таир Гатауов, Эльдар Сәрсембаев, Әнел Абдуллина, Рүстем Сейітбеков, Марина Қадырқұлова, Гульфайруз Құрманғожаева, Жандос Әубәкіров және басқалар өнер көрсетті.
Театрдың бас балетмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтың айтуынша, шетелдік қонақтарға Қазақстанның балет мектебі әлемдік деңгейдегі туындыларды өзгелерден кем түспей орындай алатындығын, Қазақстанның балет өнерінің дәстүрі тереңнен бастау алатындығын көрсету болды. Көрермендердің тынбай соққан шапалақтарына қарағанда әртістеріміз меймандардың көңілінен шықты.
Айта кетейік, 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммиті аясындағы Шолу конференция өз жұмысын 26 қараша күні бастады. Оған ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық делегациялары, отандық және шет елдік үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 800-ден астам адам қатысуда.