Астанада «Ел іші - өнер кеніші» байқауында елдің түкпір-түкпірінен келген біртума әртістер марапатталды

        АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының «Конгресс Холл» сарайында «Ел іші - өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауының гала-концерті өтті.

Астанада «Ел іші - өнер кеніші» байқауында елдің түкпір-түкпірінен келген біртума әртістер марапатталды

Байқаудың ақтық сынына еліміздің барлық аймақтарының және Алматы, Астана қалаларының іріктеу кезеңдерінен жеңіп шыққан шеберлер мен үздік ұжымдар қатысты.

Байқаудың салтанатты бөлігінде сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, еліміздің жер-жерлерінде біртума дарынды да тамаша өнерпаздар көп екендігіне назар аударды.    

«Бүгінгі «Ел іші - өнер кеніші» конкурсының басты мақсаты - солардың барлығын халықтың алдына шығару, олар қашан жетіліп, алдымызға келеді деп емес, өзіміз іздеп, қол ұшын беру, қолғабыс жасау болды», - деді министр. 

«Бұл түптеп келгенде қазақ өнерін, қазақ мәдениетін қолдау болып табылады. Бүгінгі Астанадағы қорытынды кешке 63-ке жуық азамат келді. Бұның барлығына жәрдем берген облыстық мәдениет басқармаларының бастықтарына және облыс әкімдіктеріне рахметімді айтамын», - деп түйіндеді сөзін Д. Мыңбай.

Министрдің айтуынша, халық өнерінің қайнар көзі, кәусар бұлағы - ел ішінен бастау алатындықтан, аталмыш байқаудың маңызы жыл өткен сайын артып, қанаты қатая бермек. Халық өнері мен рухани мұрасын бүгінге жеткізіп, насихаттап жүрген тума талант иелері ары қарай да қолдауға ие бола береді.