Астанада «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының таныстырылымы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 мамырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Қазақстан халқы Ассамблеясы залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының таныстырылымы болады.

Астанада «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының таныстырылымы өтеді

Бұл туралы ҚХА баспасөз қызметі хабарлады.

Ұйымдастырушылар - Қазақстан халқы Ассамблеясы , ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі.

«Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, қарқынды дамуы және халықаралық беделінің нығаюы жолындағы сан қырлы қызметі бейнеленген.

ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі таныстырылым аясында белгілі қоғам қайраткері, саяси ғылымдардың докторы, профессор Қуаныш Сұлтановтың осынау бірегей кітабының жария рецензиясын ұйымдастырып отыр. Басылым 2015 жылдың 13 мамырынан бастап сандық нұсқада ғаламтор желісі арқылы да ұсынылатын болады.

Таныстырылымға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғылыми-сараптамалық кеңестің қызметкерлері, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми және шығармашыл зиялы қауымның өкілдері, жастар, Ұлттық академиялық кітапхананың оқырмандары қатысады.