Астанада «Елбасы және Тәуелсіздік» атты дөңгелек үстел отырысы өтті
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Тәуелсіздік күніне арналған «Елбасы және Тәуелсіздік» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Аталмыш шара тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелерін, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел мемлекеттілігін құрудағы, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы, қоғамның демократиялануы мен президенттік институттың нығаюындағы тарихи рөлін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Оның жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, зерттеушілер қатысты.
«Бүгінгі дөңгелек үстел 1 желтоқсанда еліміз ҚР Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесін тойлау кезеңінде өтіп жатқаны символикалық мәнге ие. Біздің мемлекетіміз Тұңғыш Президентін сайлағаннан кейін, Қазақстан Республикасы деген жаңа атауы мен өз Тәуелсіздігін алды. Сондықтан қазақстандықтардың санасында ел Тәуелсіздігі, президент институты мен ҚР Тұңғыш Президенті егіз ұғым болып қалыптасуы - заңдылық», - дейді ҚР Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат.
«Бүгін біз Тәуелсіздік жылдарында жеткізген жетістіктерімізді және бұл үдерістердегі Ұлт Көшбасшысының рөлін талқылаймыз. Мемлекет басшысының тұлғасы біздің егеменді тарихымыздың барлық оқиғаларында өз ізін қалдырғаны сөзсіз», - деп атап өтті ол.