Астанада «Елбасы және Тәуелсіздік» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтеді

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ертең Астанада  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Елбасы және Тәуелсіздік» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтеді. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер қатысады.

Шараның мақсаты - тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелерін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы, қоғамның демократиялануы мен президенттік институттың нығаюындағы тарихи рөлін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін талқылау.

2012 жылдың 1 желтоқсанында еліміз алғаш рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтті. Жаңа мемлекеттік мереке жөніндегі ұсынысты Сенат депутаттарының бір тобы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында жасаған болатын. 2011 жылдың 14 желтоқсанында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев жаңа мемлекеттік мерекені - 1 желтоқсанда аталып өтілетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеуді қарастыратын «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Желтоқсан айында мемлекеттік айрықша маңызы бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Республиканың Жоғарғы Кеңесі халықтың еркін білдіре отырып, 1991 жылы 16 желтоқсанда салтанатты түрде мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялады. Бұл маңызды оқиға жаңа тарихтың, негізін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев қалаған жас егемен мемлекеттің қалыптасу тарихының бастауы болды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орын алатын оқиға - елордамыз Астана қаласының құрылуы. Желтоқсан айының 10-жұлдызында қаланың республика астанасы болып жарияланғанына 15 жыл толады. Еліміздің мақтанышы мен бірлігінің символына айналған Астана - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың төлтуындысы.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихқа есімі егеменді Қазақстанның жасампаз жетістіктерімен байланысты тұлға, өз халқына, өз Отанына қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылатын әлемдік ауқымдағы көрнекті қайраткер ретінде енді.

Соңғы жаңалықтар