Астанада «Елбасыға тілек» көрмесі ашылды

   АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың жаңа Оқушылар сарайында «Елбасыға тілек» І балалар шығармашылығының қалалық байқауында жүлделі орындар алған қолөнер туындыларының көрмесі ашылды.
None
None

Шараны Астана қаласы Білім басқармасы, «№1 өнер мектебі» МКҚК және ЮНЕСКО клубы балалар көркемөнер мектебі бірігіп ұйымдастырған.

«Бүгін Астана қаласының оқушылары өз қолдарынан шыққан қолөнер туындыларын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйлық ретінде көрмеге қойып отыр. Бұл жұмыстардан балалардың өмірге деген, еліне деген, Астанаға деген көзқарасын айнытпай тануға болады», - деді көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина.

Байқауға Астана қаласы білім беру ұйымдары: балабақша тәрбиеленушілері, жалпы білім беретін мектеп оқушылары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері студенттерінен  400-ден астам жұмыс қабылданды.  Байқау ережесіне сәйкес жұмыстар әртүрлі техникада орындалды, яғни тоқыма материалдарынан, ағаш және металдан өңделген көркемдік жұмыстар, мүсіндік, қолданбалы өнердің дәстүрлі емес түрлері, акварель бояуымен картиналар, коллаж жұмыстары бар.

Сондай-ақ, Ә. Бимендина жұмыстары үздік деп танылған балаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Атап айтар болсақ, балабақша тәрбиеленушілері арасынан бас жүлдеге №32 «Балдәурен» балабақшасының бүлдіршіні Клычев Ратмир ие болды. 7-13 жас аралығындағы оқушылардан №49 ОМ оқушысы Тілектес Ерасыл бас жүлдеге лайық деп танылды. 14-17 жастағы оқушылар арасынан №41 ОМ оқушысы Иванюкова Ирина үздік атанды. Ал колледж студенттері арасынан Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Қойлыбаева Ақтоты бас жүлде иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, көрмеге іріктеліп алынған үздік жұмыстар еліміздің Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай 15-20 қараша аралығында өткізілген байқау нәтижесінде белгілі болды.

Бұл ерекше байқаудың мақсаты - оқушылардың  Отанына, Елбасыға деген сүйіспеншіліктерін ояту, балалар шығармашылықтарын  дамыта отырып оны қолдау және таныту,  жалпы және көркем мәдениетті көтеру болып табылады.

Соңғы жаңалықтар