13:16, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астанада электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін ? А.Естаев
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Елордада электр энергиясының тарифі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматы аудандық әкімдігінде өткен семинар-кеңесте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (ТМРА) Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы Абзал Естаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.А.Естаевтың атап көрсеткеніндей, электр энергиясына тарифті жоғарылату мүмкіндігі көмір бағасының қымбаттауы мен құрал-жабдықтардың тозуына байланысты қарастырылып отыр. «Қазір табиғи монополиялар субъектілерінің тарифті арттыру жөніндегі өтінімдерінің негізділігі тексерілуде», - деді ол. Сондай-ақ, кеңес барысында табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдеріне Тәуелсіз салалық реттеуіштер қызметінің мәселелері бойынша ҚР Заңына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 2008 жылғы желтоқсанның 29-ында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тәуелсіз салалық реттеуіштер қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енгені белгілі. Оған сәйкес ТМРА, сараптама нәтижелері бойынша қорытынды жасай отырып, табиғи монополиялар субъектілеріне бағаны көтеруге тыйым салуға, сондай-ақ қолданыстағы немесе жобаланған бағаны негізді бағаға дейін төмендетуге құқылы.