Астанада электр қуатын тұтыну деңгейі төмендеді

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Елордада биылғы жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясының шығыны 56 млн кВт/сағ болады немесе өткен жылмен салыстырғанда 9% төмендейді деп болжанып отыр. Осы және басқа да көрсеткіштер Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крыловтың жетекшілігімен өткен кеңесте жарияланды. Кеңестің басты тақырыбы - «Астана су арнасы» МКК электр қуатын үнемдеу бағдарламасы бойынша инвестициялық іс-шараларды орындау болды. Бұл туралы Астана қаласы әкімі аппаратының өмірді қамту және инфрақұрылымды дамыту бөліміне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.

Астанада электр қуатын тұтыну деңгейі төмендеді

Қазіргі уақытта ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесінде электр энергиясын тұтыну деңгейі бірнеше есеге төмендеген.

«Бүгінгі таңда автоматтандырылған бақылау және энергия ресурстарын есепке алу жүйесіне арналған қондырғыны монтаждау жұмыстары жүргізілді және сумен қамту, су бұру нысандарында энергия үнемдегіш аппараттар, дизель-генераторлар, канализация мен су сорап станцияларында электр қондырғылар, сондай-ақ, Астана су торабында май трансформаторлар орнатылды», - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, сорапты сүзгілеу станцияларының орталық базасында жылу есептегіш қондырғылары ауыстырылды. Айта кетейік, 2011 жылы «Астана су арнасы» МКК нысандары 70 млн кВт/сағ электр қуатын тұтынса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 13 пайызға төмендеп, 61 млн кВт/сағ құрады.