Астанада электрондық қалдықтар мәселесіне арналған ұлттық форум өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада электрондық қалдықтарды жинау, қайта өңдеп іске жарату тақырыбы талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шараға құзырлы мемлекеттік орган өкілдері мен отандық және халықаралық сала сарапшылары қатысуда.

«Қазақстан үшін электрондық қалдықтар мәселесі күн тәртібінде. Біздің министрлік құзырлы орган ретінде аталған мәселеге бей-жай қарамайды. Сондай-ақ, қалдықтарды жинау, оны өңдеп қайта жарату тақырыбы бойынша ашық диалогке дайынбыз. Жалпы қалдықтарға қатысты елімізде бірқатар заңнамалық акт, ұлттық стандарт пен бұйрықтар бар. Әрине, проблема жоқ емес. Оның ішінде қаржыландыру, статистика және басқа да жайттар бар»,- деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаменті өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін дамыту басқармасының басшысы Сәбит Тоқмырзаев ұлттық форумда

Министрлік өкілінің айтуынша, ұлттық форумда электрондық қалдықтар мәселесін шешуге бағытталған ұсыныстар ортаға салынбақ.

Ұлттық форумды ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2019 жылы Қазақстанда 136,1 мың тонна электрондық қалдық шыққан. Бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 7,3 келіні құрайды. Жоғарыда аталған қалдық көлемінің 8,8 пайызы ғана қайта өңделген.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның оқу және ғылыми-зерттеу институтының (ЮНИТАР) деректері бойынша 2050 жылға қарай еліміздегі электрондық қалдықтың көлемі 422 мың тоннаға жетуі мүмкін. Яғни адам басына 18 келі электрондық қалдықтан келеді деген болжам жасалып отыр.


Басты фото: gettyimages.com
Соңғы жаңалықтар
telegram