Астанада Электрондық сатып алудың веб-порталының жаңа нұсқасының таныстырылымы өтті
А. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін «Электрондық мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған ықпалдастырылған ақпараттық жүйені дамыту аясында веб-порталының жаңа нұсқасы таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Баспасөз мәслихатына «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС басқармасының төрағасы Сұлтанжан Ахметов, «ЭКО» ЖШС әзірлеу департаментінің директоры Төлеуғазы Қали, Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу әдіснама департаментінің директоры Гүлжан Амрина қатысты. «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына сәйкес 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырылатын барлық мемлекеттік сатып алулар тек қана электрондық пішімде жүргізілетінін атап кеткен жөн. Порталдың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін «ЭКО» ЖШС серверлік инфрақұрылымдарды жоғарлату және жаңғырту жөнінде жұмыстар жүргізуде.
«Электрондық мемлекеттік сатып алудың www.goszakup.gov.kz веб-порталына кірушілердің саны биылғы жылдың бірінші 3 аптасының өзінде 2009 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өсіп, 639 810 адамды құрады. Порталда электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тіркеу рәсімін ыңғайлы ету мақсатында тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тапсырыс берушісі, ұйымдастырушысы, өнім берушісіне нұсқаулықтар орналастырылған. Сонымен қатар, веб-порталды пайдаланушылардың барлық туындаған сұрақтарына жауап беретін желілер бойынша он-лайн тәртібінде Техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді», деді С.Ахметов.