Астанада Елеусіновтер отбасы «Мерейлі отбасы-2015» байқауының жеңімпазы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл байқауға 50-ден астам үміткер қатысты. Ең үлгілі отбасы атануға белгілі дәрігерлер, журналистер, әншілер таласты. Саны жағынан Оекеновтар әулеті (10 бала, 26 немере, бір шөбере) бәрінен асып түсті, деп хабарлады sports.kz.
Жеңіс Елеусіновтер отбасына бұйырды. Енді олар «Мерейлі отбасы-2015» республикалық байқауының финалына Астана атынан қатысатын болады. Отағасы Марат Тәліпұлы мен анасы Ғалия Нұрмұханқызы білімдері бойынша - мұғалім (дене тәрбиесі пәнінің ұстаздары). Үлкен қызы Динара - хореограф, «Наз» би театрында жұмыс істейді. Ұлдары Дәурен мен Данияр - танымал боксшылар, олардың бапкері - әкелері болған. Екеуі мектеп жасынан бастап спортпен айналысқан. Дәурен - халықаралық дәрежедегі спорт шебері, елдің екі дүркін чемпионы, студенттер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Азия чемпионатының жүлдегері. Енді ол кәсіби рингте бағын сынап көрмекші. АҚШ-қа отбасымен көшіп барған Дәурен болса, үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен.
Ал інісі Данияр елдің ұлттық құрамасының капитаны. Ол Әлем және Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы. 2013 және 2014 жылдары Халықаралық әуесқойлар боксы қауымдастығының (AIBA) нұсқасы бойынша ғаламшардың үздік боксшысы болып танылған.