Астанада еліміздегі математика пәні мұғалімдерінің I-съезі ашылады

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақстан мектептерінде математикалық білім беру ісін дамыту: қазіргі жай-күйі мен даму болашағы» тақырыбында Қазақстан Республикасы математика пәнінің мұғалімдерінің І-съезі болады.

Астанада еліміздегі математика пәні мұғалімдерінің I-съезі ашылады

Съезд білім беру жетістіктерінің көрмесі мен оқу әдебиеттері жәрмеңкесінің ашылуымен басталады.

Осыдан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов съезд жұмысын ресми түрде ашып, «Мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму жағдайында математикалық білім беруді жетілдіру» тақырыбында баяндама жасайды. Съездің пленарлық мәжілісі барысында отандық және шетелдік ғалымдар математика мұғалімдерін даярлау, дарынды оқушылармен жұмыс жасау, математика оқулықтарын әзірлеу және басқа да математикалық білім берудің өзекті мәселелерін ортаға салып талқылайтын болады. Съезд қатысушыларына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауын жолдап отыр.

Екі күнге созылатын іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының математика пәні мұғалімдерінің І-ші съезінің қарары қабылданып, «Қазақстан мектептерінде математикалық білім беру ісін дамыту: қазіргі жай-күйі мен даму болашағы» тақырыбында материалдар жинағы басылып шығарылады.