Астанада еліміздің қол өнер шеберлерінің «Күміс сыңғыры» көрмесі ашылады
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Ұлыстың ұлы күні, наурыздың 22-сінде елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан шеберлері қолөнер бұйымдарының «Күміс сыңғыры» көрмесі ашылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақ халқының ұлттық зергерлік өнері мен қолөнерін кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан бұл көрмеге ұлттық өнерімізді алыс және таяу шетелдерде насихаттап жүрген белгілі шеберлер Берік Әлібай, Амангелді Мұқажанов, Серік Бәшіров, Серік Рысбеков, Зейнелхан Мұхамеджан, Айжан Бекқұлова, Бақыт Әбдікәрім, Болат Атыраубаевтар қатысады. Көрмені белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ашады.Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған бұл шараға шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері шақырылған. Көрме наурыздың 28-іне дейін жалғасады.