Астанада еліміздің үздік жас экономистерінің есімдері аталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында қазақстандық жоғарғы оқу орындарындағы экономикалық мамандықтардың студенттері арасында ғылыми-зерттеу және талдау қызметтерін ынталандыру бойынша «Жас сарапшы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау бойынша ресми салтанат өтті, деп хабарлайды «Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметі.
Жеңімпаз атанғандар: Айгерім Ашықбаева (1 орын) - Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенті; Анара Абилакимова (2 орын) - Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті; Екатерина Попова (3 орын) - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті, Қуаныш Мұлдажанов (3 орын) - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.
«Бұл байқау маған еліміздің экономикалық саласын дамытудағы өзімнің көзқарасыммен бөлісуге мүмкіндік берді. Жұмыстарым жоғары бағаланғанына және Экономикалық зерттеулер институтында кәсіби сынақтан өту мүмкіндігі пайда болғанына өте қуаныштымын. Мен үшін бұл тәжірибе менің кәсіби өсуіме өте жақсы ықпал етеді деп ойлаймын», - деп ойымен бөлісті Айгерім Ашықбаева.
Байқау қазақ және орыс тілдерінде өткізілді.
«ЖАС САРАПШЫ-2014» байқауы күздің басында жарияланған болатын, 30 қыркүйекке дейін студенттер экономикалық тақырыптағы эсселерін және өздері туралы ақпараттарды жіберді.
Жастар мынадай тақырыптарда өздерінің ойларымен бөлісті: Қазақстан-2050; Қазақстанда еңбек нарығын дамытудың мәселелері мен болашағы; сервистік экономика; ауыл аумақтарын тұрақты дамыту; ҚР шекаралас аумақтары - экономикалық өсу межелері ретінде.
Байқауға республикамыздың 40 ЖОО-сынан 220-ға жуық сұранымдар келіп түсті. Алдын ала іріктеу нәтижелері бойынша 30 қатысушы таңдап алынды.
Одан әрі студенттердің алдында «Қазақстан-2050» экономикасы жаңа құрылымының ғылыми талаптары; Қазақстанда адам капиталының сапасын арттыру; ҚР жасыл экономиканы дамыту; Бірыңғай Экономикалық Кеңістіктегі Қазақстанның шағын және орта бизнесінің бәсекеге қабілеттілігі; Қазақстанның шағын қалаларындағы оңтайлы байланыс; Қазақстанда сервистік экономиканы және қызмет көрсету саласын дамыту туралы кейс-тапсырмаларды орындау міндеті тұрды.
Кейстерді үздік орындап шыққан 10 студент елордаға әңгімелесуге шақырылды. Конкурстық комиссия әңгімелесудің қорытындысы бойынша үш жүлдегерді іріктеп алды.
Жеңімпаздар дипломдарға, бағалы жүлделер мен сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар студенттер ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институтында сынақтан өту мүмкіндігін алды.
Марапаттау салтанатына конкурстық комиссияның мүшелері: «Болашақ» қауымдастығы Кеңесінің мүшесі, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Абылқасымова, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті Мақсат Мұқанов, «Болашақ» қауымдастығы Кеңесінің мүшесі, «ҚазМұнайГаз» АҚ Талдау және болжам жасау департаментінің директоры Дәрмен Сәдуақасов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ сарапшылары қатысты.
Білім додасын «Болашақ» Қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ пен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырды.