Астанада емхана науқасты гемодиализ алу мүмкіндігінен заңсыз айырғаны үшін 50 мың теңге моральдық шығын төлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Амбулаторлық гемодиализ орталығы науқасты кепілдендірілген медициналық көмексіз қалдырған. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Елорданың мүмкіндігі шектеулі тұрғыны (I топтағы) 2013 жылдан амбулаторлық гемодиализ алады, 2016 жылдан бері есепте тұрады. 2022 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Амбулаторлық гемодиализ орталығымен қызмет көрсетуге шарт жасасқан. Алайда, бір жыл емделгеннен кейін Орталық емделушіге оның медицина қызметкерлеріне қатысты келеңсіз мінез-құлқын алға тартып, шартты біржақты бұзу туралы хабарлама жіберген», — делінген хабарламада.
Емделуші Орталықтың оны кепілдендірілген медициналық көмексіз қалдырғанын көрсетіп, шартты бұзуды заңсыз деп тану және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Осындай келеңсіздіктің салдарынан ол сол түні гемодиализ алу үшін Алматыға ұшып баруға мәжбүр болған. Орталық өз жауабында емделушінің медицина қызметкерлерін балағаттауы және әлеуметтік желілерде Орталықтың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратуы бойынша құқық қорғау органдарына шағым түсіргенін атап өткен.
Шарт талаптарына сәйкес, медициналық мекеме медициналық қызметкерлермен жанжал мен төзімсіз мінез-құлық туындаған жағдайда емделушіні шығаруға құқылы.
Сот істі қарап, келесідей шешім шығарды.
«Талап қоюшының Орталықта ем алу барысында ережені өрескел бұзу фактісі сотта расталған жоқ. Жалған ақпарат таратудың бұл дауға қатысы жоқ. Осындай жағдайда сот Орталықтың шартты бұзу жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп танып, талап қоюшының пайдасына 50 мың теңге моральдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды», — деп хабарлады ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.