13:52, 25 Сәуір 2013 | GMT +5
Астанада еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігінің көрме-конференциясы ашылды
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында Қазақстандағы еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша (KIOSH - Kazakhstan International Occupational Safety & Heath Conference) III Халықаралық көрме-конференциясы ашылды.
28 сәуір - Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында өтіп отырған шарада мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсібі, көлік және инфрақұрылым, құрылыс индустриясы және тағы басқа салаларда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған өнім мен қызмет түрлері ұсынылып отыр. Жалпы, көрмеге Қазақстан, Ресей және Украинаның 43 компаниясы қатысуда. Стенд-құрылғылардың басым бөлігі отандық компанияларға тиесілі. Ал «Еңбекті қорғау және өнеркәсіптегі қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбындағы конференцияда өндірісте жарақат алу және жазатайым оқиғаларды азайтып, еңбек өнімділігін арттыру мәселесі талқылануда. Көрме-конференция екі күнге созылады.