Астанада енді «түбіт» шашпайтын теректер отырғызылады

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Терек мамығына аллергиясы бар адамдар енді еркін тыныстай алады. Астанада пирамида бітімдес теректер өсіріле бастады.

Астанада енді «түбіт» шашпайтын теректер отырғызылады

Бұл ағаштардың әдеттегі теректерден ерекшелігі сол, олар «түбіт» шашпайды.

 Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметовтің айтуынша, аталмыш ағаштар өте әдемі және биік болып өседі. Ал ұшар басының диаметрі 1,5 метрге дейін жетеді. Және ең бастысы, терек мамығын шығармайды.

 «Қала аумағында отырғызылып жатқан теректер мамық бермейді. Пирамида бітімдес теректер біздің климатымызға жақсы бейімделеді әрі сымбатты болып келеді», - дейді әкім елордада «Нұр Отан» аллеясының ашылуында.

 Оның айтуына қарағанда, «түбіт» шашпайтын теректер енді өзге елдерден әкелінбей, өзіміздің жерімізде де өсіріле бастаған.

  «Өз уақытында бұл теректер алыс елдерден жеткізілуші еді. Қазір өзіміздің тәлімбағымызда өсіріліп, бапталады. Бүгінгі таңда қалада отырғызылып жатқан бұталардың барлығы «отандық» және барлық дайындық деңгейлерінен өткен», - деп атап көрсетті ол.