Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада ер адам «декретке» шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біздің қоғамдық санада «декрет» сөзі «сәбиді өмірге әкелген ананың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы» деген мағынаны беретін ұғым деңгейінде қалыптасып қалған. Жай ғана қалыптаспаған, қатып, бекіп, әбден орнығып, сіңісті болып кеткен. Сондықтан да декретке тек әйелдер шығатындай көрінеді. Ал декретке шығу үшін міндетті түрде бала туу керек деп ойлайды жұрт. Ал сол баланы бағу үшін ер адам еңбек демалысына шығуы мүмкін екендігі көп адамның миына кіріп шықпайды.

Астанада ер адам «декретке» шықты

Жақында бір қызық оқиға болды. Қалалық «Жедел жәрдемде» аға фельдшер болып қызмет атқаратын зайыбым жұмыстан әдеттегіден кеш келді. Ол жеткенше үйге бір топ қонақ дәм тартып жиыла қалды. Кіре жамырасып сәлем берісіп, сәлем алысып жатыр. Құрбылары алдынан шығып, қарсы алып дегендей, мәре-сәре. Ішінде алыстан ат арытып келгендері бар. Көптен жүздеспеген. Көріп көзайым болып жатыр. Бір уақытта құрбыларының бірі: Айында-жылында бір келгенде осыншама күттіріп қайда жүрсің? Келетінімізді айтып едік қой», - деп қалмасы бар ма?!

- Ой, сол жұмыстан шыға алмай қалдым. Бір жігіт аяқ астынан «декретке» шығып кетіп, орнына адам таппай қалдым... (аға фельдшердің міндеті сол - бір ай бойғы жұмыс кестесін құрып, соны қадағалау) Соның орнына дәрігер тапқанша біраз уақытым кетті, - деп жатыр зайыбым.

- Не дейсің? Жігіт «декретке» кетіп... Соқ өтірікті! Тапқан сылтауының түрін, деді де әлгі құрбысы ал күлсін келіп. Оның артынан үйдегілер де қыран күлкі. Сылқ-сылқ... қарқ-қарқ... Ішегін басып, сілесі құрып күліп жатыр.

- Рас айтам, неге күлесіңдер? - деп ол шыр-пыр.

«Егіз туып па? Атын Гита мен Зита қойсын» деп алып тырқылдайды. Ешкім сенбейді. Жұбайым оларды сендіруге тырысқан сайын олар жыртылып айырылады. Бір жағы құрдастығына басып, екінші жағы расында әлгі жігіт «бала туғандай» елестеп... Біразға дейін күлегеш қонақтарымыздың езуі жиылмады.

Ішек-сілесі құрыған қонақтарымызды әзер дегенде нандырдық. Еңбек кодексі деген бар, сонда жазылған. Ер адамдар да «декретке» шығады деп. Бәрібір сенгісі келмейді. Иланды дегенінің өзі: «Мүмкін, рас шығар. Бірақ құлаққа жайсыз естіледі екен. Ер адам «декретте» деген», деп уәж айтады.

Содан аз уақыт өткенде бір досыма үйде болған осы жайды айтсам ол да күледі. Ол да сенбейді! Міне, қызық. Сонда барып жұрттың көбі «декрет» дегенді тек әйелге теліп алғанына көзім жетті.

Біздің айтып отырған кейіпкеріміз Еркінбек Байдуллаев есімді дәрігер. Астанадағы «Жедел жәрдем» орталығында балалар дәрігері болып қызмет атқарады. Құлын да құлын шырқырап, түн ішінде баласы ауырған талай ананың қасынан табылып, талай сәбидің өмірін сақтап қалған ақ халатты абзал жан. Жас та болса білікті маман. Осымен екінші жыл дәрігер болып қызмет етіп келеді. Өзі 3 жыл бұрын басына шаңырақ көтеріп, бауырына қазан ұстап, отау тіккен екен. Жары - Гүлмира Құдайбергенова, бір баланың анасы. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қызметкері.

Ұлдары Әлинұрды 2 жасқа дейін анасы баққан екен. Гүлмираның өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа шығуы керек болғандықтан жұбайы - Еркінбек 3 жасқа дейін баласын өзі бағуға шешім қабылдапды. Сол себепті 9 айға «бала күтіміне байланысты демалыс» алған. Біздіңше - «декрет».

Еркінбек бірінші рет осындай демалыс алып тұрғанын айтады. Бірақ, бұрыннан ер адамдардың мұндай демалысқа шығуға болатыны жайлы білетінін де жасырмады.

Иә, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде ер адамдардың да бала күтіміне байланысты демалысқа шығу құқығы қарастырылған. Мәселен осы Кодекстің 113-бабына сәйкес Жүкті әйелдерге, баланы (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар:

1. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс.

2. Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыс.

3. Бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс, - беріледі.

Еркінбектің алып жүрген демалысы осы үшінші тармақтағы - демалыс.

Ал, 195-баптың бірінші тармағына сәйкес жалақы сақталмайтын демалыс «ата-анасының қалауы бойынша - баланың анасына не әкесіне» беріледі.

Бала күтімі бойынша демалыс уақытында жұмыстан айрылып қаламын деп уайымдамауыңызға болады. ҚР Еңбек Кодексінің 59-бабына сәйкес жұмыс беруші сізді жүктілік және босану бойынша демалысқа байланысты жұмыстан шығара алмайды. Бұдан басқа 104-бапқа сәйкес, бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт еңбек өтілі ретінде есептеледі және кезекті төленетін демалыс ретінде есептеуге мүмкіндік береді.

Егер сіз декреттік демалыстан бір жыл толмай шығу туралы шешім қабылдасаңыз төлем (жөргекпұл) үшін қауіптену керек емес, жұмысқа шығу төлемдерді тоқтату себебі болып табылмайды.

Солай!

Ербол Жанат