Астанада ер адам сатушыны ойыншық тапаншамен тонамақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотында ойыншық тапаншамен қарақшылық жасау және эвакуатормен көлік ұрлауға қатысты қылмыстық істер қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада ер адам сатушыны ойыншық тапаншамен тонамақ болған

Сот материалдарына сәйкес, өткен жылы желтоқсан айында ер азамат гүл сататын дүкенді тонамақшы болып, ойыншық тапаншамен сатушыны қорқытқан. Тапаншаны әйелдің басына тақап, 16 000 теңгені тартып алғысы келген. Алайда гүл сатушы келіншек дабыл түймешегін басып үлгерген. Қарақшы тайып тұрған. Бірақ құқық қорғаушылардың қолына түсті. Сот қаулысына сәйкес, оған 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бұдан бөлек, эвакуатормен көлік ұрлаған Д. есімді азаматқа қатысты шешім шығарылды. Ол «Mersedes-Bens» маркалы көлікті ұрлаймын деп, эвакуатор жалдаған. Алайда эвакуатордың екі жүргізушісіне көліктің басқа біреудің мүлігі екенін айтпаған.

"Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотының қаулысы бойынша Д. есімді азамат Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 3 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - делінген соттың ресми xабарласында.