Астанада ерекше балаларға арналған мерекелік концерт өтті

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Қош келдің Жаңа жыл» мерекелік концерті өтті, деп хабарлады Kazinform Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 

мерекелік концерт
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Мерекелік іс-шараға мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар қатысты. 

«Жаңа жыл қарсаңында біздің орталық ерекше қажеттілігі бар балаларды жаңа жылдық «Арыстан патша» спектаклін тамашалауға шақырды. Орталықтың қызметін пайдаланатын 620-дан астам бала туғандарымен бірге бүгінгі іс-шараға қатысты. Мұндай мейрамды біз жыл сайын атап өтеміз», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жетекшісі Айгүл Бейсенова. 

Ертегілік спектакльден кейін балалар өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би биледі. 

«Концертте Қуандық Рақымның «Қазақтың ұлымын» әнін орындадым. Бұл композицияны өзім таңдап, көп уақыт дайындалдым», - деді мерекеге қатысқан балалардың бірі Саян Тұңғышев. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жаңажылдық отшашуды қай жерден тамашалауға болатынын жазған болатынбыз.