Астанада ерекше дизайндағы тағы екі аялдама салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жыл соңына дейін ерекше дизайндағы тағы екі аялдама салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Атап өтілгендей, Сарыарқа ауданының әкімдігі ерекше автобус аялдамаларының жаңа жобасын әзірледі. 2018 жылдың соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтарын ерекше формадағы тағы екі аялдама қуантатын болады. Мәселен, «Театр» аялдамасы сахна фрагменттеріне ұқсас жасалады. Ол «Жастар» театрының аумағына қойылады. Ал Жеңіс даңғылында «Музыка» павильоны орналасады. Екі жоба да қазір дайындық кезеңінде.
«Мұндай креативті аялдамалар қоғамдық көлікті күтіп тұрған уақытыңызды әдемі өткізуге, көңіл-күйіңізді көтеріп, еріксіз жымиюыңызға әсерін тигізеді» - дейді Сарыарқа ауданы әкімдігі.
Аялдамаларды тұрғызу үшін қолданылатын материалдар Астананың климаттық жағдайына лайықталған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Сарыарқа ауданында 3 ерекше аялдама орнатылған. Оның бірі -шапкасы бар павильон. Ол Сарыарқа даңғылындағы «Зерде» аялдамасында орналасқан. Ал екіншісі Республика даңғылында тұр. Ол латын әрпімен жазылған BUS түрінде салынған павильон. Ал бірер күн бұрын тұрғындарды спорттық аялдама таң тамаша қалдырған болатын. Ол Қажымұқан Мұңайтпасов стадионына қатар орналасқан.