Астанада ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға арналған бал өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада аутизмммен ауыратын және басқа да ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға арналған «ХІ қысқы қайырымдылық бал-маскарад» өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Айрықша күтім қажет балалардың білім алуы және талантты жастарды қолдау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында «Болашақ» қоры жыл сайынғы қайырымдылық балын өткізеді.

Осымен 11-рет  өтетін қайырымдылық шарасынан бұған дейін 218 млн теңге көлемінде қаражат жиналып, ол қаржыға балалар үйі мен алаңдар, 8 мамандандырылған оңалту мекемелері, еліміздің 9 қаласындағы 20 мектепте инклюзивті білім беру сыныптары ашылды. Сондай-ақ, 600-ден астам білім беру мен түзету мекемелерінің мамандары оқытылды. Одан бөлек, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар мен ерекше қажеттілігі бар балаларға 17 оқу орнына 50-ге жуық грант берілді.

«Елімізде бүгіннің өзінде аутизммен сырқаттанатын 35 мың бала бар. Біздің мақсатымыз жай ғана әдемі кеш өткізу емес, соларға қол ұшын созу, олардың тең құқылы өмір сүруіне жағдай жасау. Аталған шараны өткізуге атсалысып, көмегін ұсынып жатқан қайырымды жандар жетерлік. Оның ішінде мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы, тіпті қарапайым азаматтар да бар. Қайырымдылық балынан түскен қаражат түгелдей балаларға жұмсалады», - деді «Болашақ» қорының директоры Динара Чайжунусова балды ұйымдастыруға орай өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда аталған қор 2019 жылы еліміздің барлық өңірлерінде инклюзивті білімді қолдау кабинетін ашуды жоспарлап отыр. 

Сонымен қатар, бал аясында аукцион өткізіліп, оған түрлі бағалы заттар қойылады деп күтілуде. Атап айтсақ, баспасөз мәслихатына қатысқан танымал спортшы Илья Ильин өзінің осыдан 3 жыл бұрын Грозныйда өткен Ресей президенті кубогында рекорд орнатқан кездегі киген футболкасын қолтаңбасымен тапсырды.

Қайырымдылық бал 8 желтоқсан күні Астанадағы Radisson Hotel Astana қонақүйінде өтеді, оған қатысушы 40 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Оның ішіне кешкі ас пен концерттік бағдарлама және ұтыс ойынына қатысу кіреді. Кеш қонағы белгілі әншілер - Moldanazar және Нұржамал Үсенбаева. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум