Астанада «ерекше» Жайдарман ойындары өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 25 тамызда 10-нан аса түркітілдес ұлттардан жасақталған КВН топтары арасында халықаралық «Жайдарман» ойындары өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен хабарлады.
«Түркітілес елдер арасында «Жайдарман» ойыны өтеді. Сайыс қазақ тілінде болады. Мұндай мазмұнда тұңғыш рет ұйымдастырылатын «Жайдарман» сайысына татар, башқұрт, қарашай, ноғай, өзбек, қарақалпақ, қырғыз тағы сол секілді 14 ұлттың командаларын шақырып отырмыз. Моңғолиядан да ағайындар шақырылды. Шақырылған 14 ұлт командаларының оны келсе де үлкен жаңалық болайын деп тұр», - дейді Қазақстан КВН одағының президенті.
Есен Елеукеннің айтуынша, соңғы 2 жылда Қазақстан КВН-шілері аталған елдерге барып, сол елдің тілдерінде ойнаған. Басында көпшілік сенбегенімен, Қазақстан өнерпаздары осы қадам арқылы түркітілдес елдер бір-бірінің тілінде «Жайдарман» ойындарын өткізуге болатынын дәлелдеген. Сол елге барған көңілді, әрі тапқыр жастар көптеген сөздердің ортақтығына таң қалып жүрген көрінеді.
«Басында ешкім сенген жоқ. Қазір көздері ашылды. Олардың біздің ел туралы ойы мүлде басқа. Түрлі форумдардың маңызы зор, бірақ «Жайдарман» сынды шаралар арқылы жастардың бір-бірімен байланысы жылдам қалыптасар деген сеніміміз бар. Қазақ КВН-шілері үшін өзге тілде ойнау қиындық туғызған жоқ. Мысалы, біздің тіліміз ноғайлармен бірдей десе де болады. Әр топқа бір адамнан бөліп, тіл жағынан көмектесеміз. Ең бастысы жастардың қызығушылығын оятып жіберсек дейміз», - дейді Е.Елеукен.