Астанада ертегі кейіпкерлері балаларға жол қауіпсіздігі ережесін үйретіп жүр

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Астанада ертегі кейіпкерлері балаларға жол қауіпсіздігі ережесін үйретіп жүр.

Астанада ертегі кейіпкерлері балаларға жол қауіпсіздігі ережесін үйретіп жүр

Астана қалалық қуыршақтар театрының директоры Тоғжан Хасанғалиеваның айтуынша, акцияны қуыршақтар театрының ұжымы көлік полициясы, білім және мәдениет басқармаларымен бірлесіп өткізіп жатыр. Акция жолдағы қала тұрғындарының, оның ішінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғам назарын өзекті мәселеге аудару мақсатын көздейді. Аталмыш шара қаланың Республика және Сейфуллин көшелерінде және Абай даңғылында өтіп жатыр.

Астаналық Жастар сарайының алдында балаларды жолда жүру мәдениетіне баулу үшін «Ғажайыптар әлеміндегі Алиса 2» спектаклінің қойылымы ата-аналар мен балалар назарына ұсынылуда. Шара барысында ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндерге жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, балаларды қауіпсіз түрде жолдан өткізді.

Театр директоры мекеменің бұндай шараларды айына екі рет дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отырғандығын айтты. «Осындай қоғамдық маңызы зор шараны оқу жылының басында және оқу жылының соңында өткізуді жөн көріп отырмыз. Мен бұл акцияны «Өз өміріңді сақта» деп бейнелеп айтар едім, себебі жол қауіпсіздігі мәселесі бүгінгі күні өте өзекті болып отыр. Соңғы жылдың өзінде 2,5 мың жол -көлік апаты орын алған. Олардың арасында балалардың қатысуымен болған апаттар өте көп», - деді Тоғжан Хасанғалиева өз сөзінде.