Астанада есірткі сатып, қару қолданған қала тұрғындары қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері елордадағы дәмхана маңында жанжал кезінде қару қолданған 31 жастағы ер адамды анықтады.

Астанада есірткі сатып, қару қолданған қала тұрғындары қамауға алынды
Фото: Астана қалалық ПД баспасөз қызметі

Сараптамаға сәйкес, қарудың газ-травматикалық калибрлі 45 RUBBER, МП-80-13Т тапанша екені анықталды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, 38 жастағы елорда тұрғынына тиесілі ВАЗ-2115 автокөлігінің салонын тексеру барысында полиэтилен пакеттерге оралған 435 дана көлемінде мефедрон есірткісінің ірі партиясы тәркіленді.

Бірқатар сараптама тағайындалды. Оның ішінде сот-химиялық сараптамалар да бар. Есірткі сату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осы қылмыстарға қатысы бар екі адам да УҰИ-ға қамалды.