Астанада ескі үйлерді бұзу жөніндегі пилоттық жоба аясында салынған үй пайдалануға берілді
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Астанада апатты жағдайда тұрған ескі үйлерді бұзудың пилоттық жобасы аясында жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды елорданың ресми сайтынан. Аталған нысан бірегей тәжірибе бойынша салынған. Ескі үйлерді бұзудың пилоттық бағдарламасына сәйкес, тұрғындарға тиімді тетіктер ұсынылды. Үй иесіне пәтерде тұратын адамдардың санына қарамастан бұзылатын үйдің шаршы метріне тең пәтер беріледі. Айта кетейік, бұл үйлердің нарықтық бағасы апаттық үйлердегі шаршы метрдің құнымен сәйкес келмейді.
Елорда әкімдігінің өкілдері баспаналы болғандарды салтанатты жағдайда құттықтады.
«Бұрынғы үйімізде еш жағдай жасалмаса да, талай жыл тұрып келдік. Қазіргі заманға сай абаттандырылған пәтер берген қала билігіне алғысымызды білдіреміз», - деді жаңа үйдің тұрғындарының бірі Жұмабике Әбибуллинова.
«Пилоттық жобаның бірегейлігі - бағдарламаның бюджетке тегін түсентіндігінде. Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша аталған жоба «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бір ерекшелігі ақшаның қайтарылатындығы болып отыр. Былтыр осындай негізінде әкімдікке 20 млрд. теңге бөлінсе, келер жылы ды осынша беріледі. Тұрғын үйлердің 30% апатты жағдайдағы ескі үйлердің тұрғындарына тегін, ал 70% шығындарды өтеу үшін коммерциялық бағамен беріледі», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун.
«Бірінші кезеңде 2018 жылға дейін 228 үй бұзылмақ. Жоба үстіміздегі жылы ақпан айында қолға алынған. Жыл соңына дейін 4 тұрғын үй салынады. Жалпы алғанда, 3,5 мыңға жуық пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Жаңа үйде барлық қажетті жағдайлар жасалған және бұрынғы апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйге әлдеқайда жақсы балама болып табылады. Оның үстіне, аталған санаттағы үйлерді бұзу бастамасы ТЖ орын алу тәуекелділігін азайтады, себебі ескі үйлердің басым бөлігінің электр қондырғылары, коммуникациялары тозған, қайта құруға және жөндеуге келмейді, қабырғалары түсіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне және өміріне қауіп төндіреді және т.б.
Қараша айының соңына дейін апатты жағдайдағы 11 үйдің тұрғындарына жаңа баспана беріледі. Қазіргі уақытта Астанада 189 пәтерлік 2 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. 25 қарашаға дейін апатты жағдайдағы 11 үйдің тұрғындары екі кезеңмен көшіріледі. Бірінші кезеңде, 10-15 қарашада Тілендиев даңғылының бойындағы тұрғын үйге ескі үйлерден 85 отбасы көшеді. Екінші кезеңде, 25 қарашаға дейін қалған пәтер иелері Сарайшық көшесінде қоныс тойын тойлайтын болады.