Астанада этнографиялық өнердің аrt-инсталляциясы өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 наурыздан бастап, Астанада М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында Наурыз мерекесіне арналған «Тұмар-2015» этнографиялық өнердің аrt-инсталляциясы өтуде, деп хабарлады astana.gov.kz.
Бұл жоба халық өнері дәстүрінің қайта жаңғыруына, талантты балалар мен жасөспірімдерді анықтауға, Қазақстанның халықтық мәдениетінің қайнар көзін зерттеуге деген қызығушылықты арттыруға, ұлттық мәдениетті сақтау мәселелеріне қоғамның назарын аударуға жол ашады. Экспозицияда 200-ден астам қатысушының жұмыстары ұсынылған. Жеке шеберлер мен 44 білім беру ұйымының шығармашылық бірлестіктері әр түрлі қолөнер бұйымдарын халық назарына ұсынды. Этнографиялық өнер аrt-инсталляциясының көп бөлігін коллаждар, аппликациялар, ою-өрнектер жұмыстары, мүсіндер, сонымен қатар ас-үй жабдықтары, көп түрлі ағаш бұйымдары құрайды. Бұл халқымыздың шаруашылық қызметтерін, көркемөнерлік шығармашылық үлгілерін көрсетуге мүмкіндік береді. Көрме қазақ халқының қолөнер туындылары мен тұрмыс-тіршілігін танытады. Этнографиялық өнердің аrt-инсталляциясына арналған қалалық «Тұмар-2015» және «Ою-өрнектің сиқырлы әлемі» сайысының қорытындысы бойынша «Art-инсталляция» номинациясында №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Қайырғазинова бас жүлдені еншілесе, І орынды №65 мектеп-гимназиясының оқушысы Кеңесхан Жұмаев иеленді. «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында бас жүлдені №78 мектептің оқушысы Ақерке Сақып алса, І орынды №38 мектеп-лицейінің оқушылары Айдана Санбаева мен Мөлдір Аюжаппар бөлісті. «Макеттер, коллаждар, қағаз шығармашылығы» номинациясы бойынша бас жүлдені №76 мектеп-лицейінің оқушысы Айша Қабышқызы алса, І орынды №5 гимназияның оқушысы Асылайым Бөлеген иеленді. «Мүсіншілік» номинациясы бойынша бас жүлдені №75 мектеп-гимназиясының оқушысы Самат Кәмелтай иеленсе, №36 орта мектеп оқушылары Сұлтанбек Жеңісов, Андрей Золотухин, Игорь Куделиндер І орын иегері атанды. Көрме «Ою-өрнектің сиқырлы әлемі» тақырыбы бойынша живопись және графикада салынған суреттермен безендірілді. Сайысты кәсіби қазылар алқасы - Суретшілер одағының мүшелері, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бағалады. Көрме мереке күндерінде жалғасады, келем деушілерге есік ашық.