Астанада «Этносаяси сөздіктің» тұсауы кесілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен баспаға дайындаған «Этносаяси сөздіктің» тұсаукесері өтті.

Астанада «Этносаяси сөздіктің» тұсауы кесілді (ФОТО)

«Біз бүгінде ескі ғылыми әдістемеден жаңа заманауи дәуірге өттік деп айтуға болады. Дегенмен, әзірге әрбір түсінік пен санаттарды әркім әрқалай түсініп әрі түсіндіріп жүр. Бұл тұрғыда кейбіреулер кеңестік әдістемені алға тартса, енді біреулер батыстық стандарттарға жүгінеді. Бұлардың екеуі де қазіргі қазақстандық қоғамға келе бермейді. Осы және басқа да себептерді ескере отырып, біз, яғни сөздіктің авторлар ұжымы, қазіргі қоғамның шынай бет-бейнесін нақты көрсете алатын этносаяси терминдерді заманауи әдістемемен түсіндіруге тырыстық», - дейді «Этносаяси сөздік» жобасының ғылыми жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.

Оның айтуынша, сөздікті жасауға әртүрлі саладан 10 шақты ғылым докторы қатысқан.

«Жобаны жасауға филолог, әлеуметтанушы, тарихшы, саясаттанушы, заңгер сияқты 10 шақты ғылым докторлары қатысты. Түрлі мәселелерді әр қырынан қаруға тырыстық. Нәтижесінде, сөздікке 200 сөз қазақ тілінде, тағы 200 сөз орыс тілінде енгізіліп, жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, сөздікке еліміздегі юарлық этностар туралы қысқаша анықтамалық енгізіліп, олардың саны, қайда тұратыны, тілі, діні туралы толық мәліметтер берілді», - дейді ғалым.

Аталған еңбек гуманитарлық ғылым мамандарына, ғалымдар мен сарапшыларға, мемлеуеттік қызметкерлерге және этносаралық қарым-қатынас саласына қызығушылық танытатын барлық оқырмандарға арналған.

Айта кетейік, шара барысынла ҚХА ҒСК мүшелері мен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қызметкерлерінің ғылыми еңбектері ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы ҚХА Депозитарийіне салтанатты түрде табысталды.