Астанада Еуразиядағы қауіпсіздік конференциясын өткізген жөн - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада өткен Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиядағы қауіпсіздік конференциясын өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада Еуразиядағы қауіпсіздік конференциясын өткізген жөн - Елбасы

«Астанада Еуразиядағы қауіпсіздік конференциясын өткізген жөн болар еді. Біз мұны барлығын да Астанада өткізгіміз келгені үшін жасамаймыз. Мұндай кездесуді өткізудің қандай өңір таңдап алынғанына қарамастан түбегейлі маңызы бар. Астана клубының базасында жасауға болады. Оны ұйымдастыру үшін Мюнхен халықаралық қауіпсіздік конференциясы сынды беделді форумды өткізу тәжірибесін пайдалануға болады», - деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев киберқылмыспен күресу үшін ақпараттық кеңістікті дамыту саласындағы іс-қимылдың жаһандық стратегиясын әзірлеу мәселесіне назар аудартты.

«Еуразия кеңістігі барлық уақытта да тарихтың басты сахнасының бірі болып келді. Бірақ, тек соңғы 10 жылда ғана  алғаш рет Үлкен Еуразияның шынайы сұлбасы байқала бастады. Бұған көп жағдайда Қазақстанның  бастамасымен пайда болған Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ және қытайлық «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында өзара тиімді ықпалдастық негіз болды. Қазақстан Үлкен Еуразияның бөлшегі ретінде барлық уақытта ашық диалогты жақтап, бітімгершілік саясатын жүргізіп келді. Жанжалдасушы тараптарды татуластыруға тырысты және бұл ретте жиі табысқа да қол жеткізді», - деді Елбасы.