Астанада Фариза Оңғарсынова тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта қойылды

Астананың бас көшелерінің біріне Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілгені белгілі. Сол көше бойындағы еңселі ғимаратта ақын 2009-2014 жылдары тұрған екен. Шарапатты шараның тізгінін ұстаған Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов келген қонақтардың келелі пікірлерін тыңдау үшін кезегімен сөз беріп тұрды.
«Жаңа айтылғандай өткен ғасырдың 70-ші жылдарының аяғында, 80-жылдарының соңында қазақ әдебиетіне керемет бір толқын келді. Олар шетінен талантты еді. Солардың ішінде ерекше көзге түскен, келе салып бір-екі жылдың ішінде өзін мойындатқан Фаризаның болмысы бөлек еді. Фаризаға біз еш уақытта қыз бала деп қараған жоқпыз. Бірге жүрген досымыз, замандасымыз деп қарадық. Әсіресе, Астанаға келгеннен кейін бауырмал рухани сананың өкілдері бір ауыл болып кеттік. Қазір Фаризасыз сол ауылдың бір кірпіші кем секілді. Мұқағали қалай жасаса, Тұманбай қалай жасаса, Сағи Жиенбаев қалай жасаса Фариза да солай қазақ тарихында жасай береді. Біз оған сенімдіміз», - деді алғаш болып сөз алған жазушы, Фаризаның жанашыр ағаларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази.
Естелік тақтаның ашылу салтанатына ел ағалары да атбасын бұрғанын айта кетсек дейміз. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди, Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы, сенатор Бірғаным Әйтімова, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, С.Сейфуллин мұражайының директоры, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы, айтулы жыр дүлдүлі Серік Тұрғынбекұлы мен Оңайгүл Тұржан бар.
Алаштың ақын қызына деген ізгі ілтипаттарын ағалары ағынан жарыла сөзбен жеткізсе, өлең өлкесінде өкшесін басқан іні-сіңлілері жырмен жолдады. Тақтаның лентасын қию құрметіне Әкім Тарази мен Өмірбек Байгелди ие болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.