Астанада FEI Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 18-22 қараша күндері халықаралық Ат спорты федерациясының (FEI) конкурдан Әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы — FEI Jumping World Cuр Eurasian League Final CSI-W Astana 2026 өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Халықаралық турнир «Арғымақ» ат спорты кешенінің жабық манежінде ұйымдастырылып, Еуразиялық лиганың жетекші шабандоздарының басын қосады.
Жарысқа FEI Әлем кубогы Еуразиялық лигасының жалпы рейтингінде жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар қатысады. Турнирде рейтинг қорытындысы бойынша үздік 40 шабандоз өнер көрсетеді.
Бұдан бөлек, Еуразиялық ат спорты қауымдастығы (EEA) шетелдік спортшыларға қосымша шақырту жіберуі мүмкін. Қабылдаушы ел атынан 10-ға тарта қазақстандық шабандоз қатыса алады. Турнирге қатысушылардың жалпы квотасы — 60 адам.
Турнирге қатысу туралы 11 елдің ұлттық федерациясына шақырту жіберілді. Олар: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Ресей және Түрікменстан.
— Еуразиялық лига финалының Астанада ұйымдастырылуы Қазақстанда ат спортын дамытуға тың серпін береді. Жарыс отандық шабандоздарға халықаралық аренада бақ сынап, шетелдік спортшылармен тәжірибе алмасуға және өз шеберлігін көрсетуіне жол ашады. Халықаралық жарыс ат спортын кеңінен насихаттауға және Астананың ірі спорттық іс-шараларды өткізу орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға да ықпал етеді, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, «Арғымақ» ат спорты кешенінде өтетін сайысқа көрермендер тегін кіре алады.
Биыл Азия ойындарында шабандоз Олег Соколенко Cinderella атты атпен өнер көрсетіп, жарысты 14-орынмен аяқтады. Ал Quibelle Van D’Abelendreef атты атқа мінген Нұрила Тұрысбекова екінші кезеңде белгіленген бағытты толық жүріп өте алмады.