Астанада француз режиссерінiң Н. Назарбаев туралы түсiрген деректi фильмi таныстырылмақ

Француз режиссері Режис Гезельбаштың бұл туындысына Елбасының өзi баға берiп үлгерген.
"Мен сiздердiң Президенттерiңiзбен кездесу бақытына ие болдым. Ол маған арнайы уақытын бөлдi. Сонымен қатар сұхбат алған кезiмде ол аталған фильмнiң 7 эпизодын қарап шықты. Дегенмен Президент фильмнiң аяқталған нұсқасын көрген жоқ. Менiңше оған бұл туынды ұнаған сияқты", - дейдi Р. Гезельбаш.
Француз маманы деректi фильмдi ҚР Тұңғыш Президентi кiтапханасымен бiрiгiп түсiрген.
"Алғаш рет мен Қазақстанға 2004 жылы келгенмiн. Ол кезде қазақ-француз киносына продюсер болдым. Қазақстанмен таныстығым сол кезде басталды. 2010 жылы мен Қазақстандағы дiн мәселесiне арналған фильмге продюсерлiк еттiм. Бұл халықаралық фестивальдерде өте жақсы нәтижелерге қол жеткiзген фильм болды", - деп атап өттi ол.