Астанада Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының гастролі өтеді

Бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылғалы отыр.
ҚР Мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 5 күн бойы алматылық әртістер көрермендер назарына 6 сахналық қойылымын ұсынатын болады. Олардың бесеуі-ересектерге арналған. Атап айтқанда, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» (реж. Жанат Хаджиев ) трагедиясы; Ермек Аманшаевтың «Балкон» (реж. Сағызбай Қарабалин) романтикалық иллюзиясы; Фридрих Шиллердің «Махаббат пен ғадауат» (ауд. Талғат Теменов, реж. Роман Виктюк) трагедиясы; Мар Байджиевтің «Тұншыққан сезім» (ауд. Райымбек Сейтметов, реж. Балтабай Сейітмамытұлы); Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» (инсц. жасаған және реж. Талғат Теменов) спектаклі жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Сонымен қатар, 11-14 қазан аралығында күн сайын сағат: 12.00-де өтетін «Наурыз думан» (авторы және реж. Мұрат Ахманов) музыкалы-танымдық балаларға арналған ертегі қойылымдарын тарту етпек.
Кешкі спектакльдердің басталуы 19:00-де, ал балаларға арналған «Наурыз думан» қойылымының басталуы 12:00-де болады.