Астанада «Ғасырлар үні: халықтың салт-дәстүрі» атты этнодеректі фильмдер топтамасының тұсаукесері өтті
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы «Думан» қонақүйінде «Ғасырлар үні: халықтың салт-дәстүрі» атты этнодеректі фильмдер топтамасының тұсаукесер рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш рәсімде қалың көпшіліктің назарына халқымыздың ұлттық дәстүрлерімен байланысты үш түрлі фильм ұсынылды. Олардың алғашқысы «Телағыс» фильмінде қазақтың күйшілік дәстүріндегі екі мектеп ? төкпе күй мен шертпе күйдің бүгінгі таңдағы ірі өкілдері саналатын Сержан Шәкірат пен Дәулетбек Сәдуақасовтар туралы баяндалды. Ал «Бүркітші» фильмінде қазақтың құсбегілік өнері, оның еліміздің әр аймақтарындағы өзіндік ерекшеліктері көрініс тапқан. «Маңғыстау қабірлері» ғылыми-танымдық фильмінде автор Маңғыстау өңіріндегі көне жәдігерлер арқылы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерінің бастау алған кезін суреттейді. Фильмде осы өңірдің жерлеу рәсімі жөнінде жан-жақты баяндалып, ондағы құлпытастар тарихына қатысты деректер сөз болды. Тұсаукесер рәсіміне Парламент депутаттары мен елорданың зиялы қауым өкілдері, ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Шараны ұйымдастырушылардың мәліметтерінше, фильмдер «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе отырып, «ҚазЭнерджи» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылған. Сондай-ақ оған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы демеушілік жасаған.