Астанада газ баллондары тиелген жүк көлігі өртенді
АСТАНА. KAZINFORM - Астанадағы газ баллондары тиелген жүк көлігі жанып, олар қызу нәтижесінде жарыла бастады. Алайда елордалық өрт сөндірушілер 11 газ баллонының жарылуына жол бермеді. Бұл туралы ТЖД хабарлады.
Оқиға орнына келген Төтенже жағдайлар күштері мен құралдары бірнеше минут ішінде оқпанмен су беріп, баллондарды салқындату арқылы өртті ауыздықтады. Жақын жерде тұрған 3 көлік өрттен зақымдалды.
Өрт сөндірушілер 8 көлікті, жақын маңдағы тұрғын үйлерді және 17-ден 11 газ баллонын өрттен құтқара алды.
Зардап шеккендер жоқ.
Еске салсақ, бүгін Жамбыл облысында пәтердегі өрт кезінде 10 тұрғын эвакуацияланды.
"Тараз қаласында төрт қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде 2 ш.м. алаңда жану орын алды. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер 10 тұрғынды, оның ішінде 2 баланы баспалдақ маршымен эвакуациялады. Құтқарушылар өртті толығымен сөндірді" делінген хабарламада.