Астанада Гейдар Әлиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған көрме ашылады

Бұл шара музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қорымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.
Мыңжылдықтар тоғысында, дәуірлердің алмасу шағында тарих саяси өмір сахнасына мемлекеттің тәуелсіздігі, тұтастығы мен егемендігін қамтамасыз етуде ерен еңбек сіңірген саяси қайраткерлер мен ұлт көшбасшыларын шығарды. Бұл посткеңестік кеңістіктегі мемлекет басшыларына арналған мерейтойлық іс-шаралар топтамасындағы екінші көрме, деп хабарлады аталмыш мұражайдан.
2012 жылдың маусым айында Ресей Федерациясы Тұңғыш Президентінің 80 жылдығына арналған «Борис Ельцин және оның кезеңі» атты көрмесі өткізілген. Көрмені ұйымдастырушылар қатарында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры да болды.
ҚР Тұңғыш Президенті музейі мен Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігінің арасында тығыз әріптестік байланыстар орнаған. Атап өтер болсақ, 2008 жылдың 10 мамырында Г. Әлиевтің 85 жылдығына орай, музейде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Елбасының жеке мұрағатындағы өзінің бірегейлігі және құндылығымен маңызды болып табылатын фотосуреттер мен құжаттар, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың шежіресі ғана емес, бұл біздің халықтар арасындағы «мызғымас достық пен өзара құрметтің» куәгерлері болып саналады. Көрме экспозициясында музейдің қорларынан алынған Әзірбайжанның тарихы мен мәдениеті жайлы сыйға берілген құнды кітаптар мен Әзірбайжан елшілігі ұсынған фотосуреттер де қойылған.
Гейдар Әлиев өз халқы тәуелсіздігінің тарихына Тәуелсіздік байрағын көкке асқақтатқан Әзірбайжан Республикасының Президенті ретінде енген болатын. Өзінің бір сұхбатында Гейдар Әлиев: «...Қолымнан шыққан әрбір нәрсе мен үшін өте қымбат. Тұрғызылған зауыт та, фабрика да, электр стансасы да, жол да, көпір де, үй де, ғимарат та, зәулім сарай да, бәрі-бәрі мен үшін қымбат. Бірақ менің жүрегіме халқымнан, отанымнан, туған жерімнен қымбат ешнәрсе жоқ», - деген болатын.
Бәрімізге белгілі, Н.Ә. Назарбаев пен Г.Ә. Әлиевті жылы лебізді достық қатынастар байланыстыратын. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі көпшілік жағдайда екі көшбасшының онжылдық бірлескен қызметінің жемісі болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз әріптесі, жақтасы туралы пікірлерінде: «Гейдар Әлирзаұлы әзірбайжан халқы мен қазақ халқының арасындағы сан ғасырлық достықты нығайту бағытында, Әзірбайжан Республикасының, сонымен қатар ТМД елдерінің дамуына көп еңбек сіңірді»,- деген болатын.
Біздің республикаларымыздың арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдан астам тарихы бар. Бірақ осы уақыт аралығында Қазақстан мен Әзірбайжан барлық бұрынғы кеңестік республикаларға әсер еткен дағдарыстық жағдайда егемендік пен өтпелі кезеңнің күрделі сатыларынан мүдірмей өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Әзірбайжан әлеуметтік-экономикалық, энергетикалық, қаржылық және сыртқы саяси салаларда, шын мәнінде ТМД кеңістігіндегі көшбасшы елдер болып саналады.