Астанада грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен Азия елдерінің лицензиялық дәрежелік турнирі өтеді

20-дан астам елдің спортшылары қатыспақ. Күрес федерацииясы қауымдастығы онда ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімін жариялады.
Бұған дейін грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев (60 кг), Асхат Ділмұхамедов (74 кг) пен Нұрмахан Тінәлиев (120 кг) Олимпиада жолдамасын алған еді. Сондықтан бұл сында Мұратбек Қасымханов 55 келіде Асхат Құдайбергенов, 66 келіде Дархан Баяхметов, 84 келіде Даниял Гаджиев, 96 келіде Ерұлан Исқақовқа сенім артпақ.
Еркін күрес шеберлері болса Ақжүрек Таңатаров (66 кг), Семен Семенов (84 кг) пен Марид Муталимовке (120 кг) үміт білдіруде. 2011 жыл Ыстамбұлда өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков (55 кг), Даурен Жұмағазиев (60 кг), Абдулхаким Шапиев (74 кг) және Таймураз Тигиев (96 кг) лицензия алған болатын. Ал Саржан Жақсыбеков тізгінін ұстаған әйелдер күресі құрамасынан онда бұл мүмкіндікке Жұлдыз Ешімова-Төртбаева (48 кг) мен Гузель Манюрова (72 кг) ие болған еді. Енді Айым Әбділдина (55 кг) мен Елена Шалыгина (63 кг) соңғы 2 салма дәрежесі бойынша өз бақтарын сынамақ.