Астанада «Ғылым әлемін ашамыз» атты VII халықаралық конференция ашылды

АНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде «Ғылым әлемін ашамыз» атты VII халықаралық конференция ашылды.

Астанада «Ғылым әлемін ашамыз» атты VII халықаралық конференция ашылды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, конференцияның мақсаты - ғарыштық технологиялар, астрофизика және модельдеу, Космос және Жер туралы ғылым саласындағы қолданбалы зерттеулерге оқушылардың ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін ынтыландыру.

Іс-шара аясында республиканың барлық өңірінен келген оқушылардың қолымен жасалған жұмыстардың көрмесі ашылды. Көрмені Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев аралап көрді.

«Адамның ғарышқа, ғаламшардың зерттелмеген жеріне ұмтылысы жалғаса береді. Менің заманымның ұрпағы ғана ғарышкер, конструктор болуды армандаған және ол ұмтылыс сол заманмен аяқталады деп ойлағанмын. Ал мына көрмедегі кейбір идеялардың заманауилығы соншалық, оларды ғылыми конструкторлық тұрғыда аздап жетілдіріп, қазіргі ғарыш аппараттары мен кемелерінде қолдануға болады», - деді журналистерге берген сұхбатында Т.Мұсабаев.

Өз кезегінде БҒМ басшысы, Талғат Мұсабаевты адамзаттың ғарышты игере бастағанына 50 жыл толуымен құттықтады. «Ғарышқа адамның ұшқанына 50 жыл толуын атап өту қарсаңында барлық ғарышкерлерді, әлем астронавтарын, біздің құрметті Талғат Амангелдіұлы мен Тоқтар Оңғарбайұлын (Әубәкіровті) осы атаулы датамен құттықтаймын», - деді ол.

Конференция жұмысы ғарыштық техника және инфрақұрылым, ғарыштық-ақпараттық технологиялар және үлгілендіру, ғарыштық қызмет және экология, астрофизика және ғаламдық эволюция, күн жүйесі секциялары бойынша өтіп жатыр.

Іс-шараны ұйымдастырушы - «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы.