14:43, 14 Қаңтар 2010 | GMT +5
Астанада «Ғылым мен инновацияның тиімділігі» атты тақырыпта халықаралық конференция басталды
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында «Ғылым мен инновацияның тиімділігі» атты тақырыпта халықаралық конференция басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға Парламент депутаттары, министрлік пен ведомство өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың өкілдері мен бірқатар жоғары оқу орындарының басшылары қатысуда. Олар жиында ғылым мен инновацияның қоғам өміріндегі рөлі және оның Қазақстан қоғамындағы дамуына қатысты өзара пікір алмаспақ.
Конференцияға қатысушылардың пікірлерінше, қазіргі таңда елімізде экономиканы әртараптандыруға барынша күш салынып келеді. Нәтижесінде ұлттық инновациялық жүйе қалыптасып, ғылым мен білім саласына бөлінетін қаржы көлемі артуда. Осыған қарай ғалымдар конференцияда инновацияның тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды сөз етіп, оған қатысты қалыптасқан мәселелердің шешілу жолдарын талқыға салмақ.